АрселорМиттал Теміртау ресейлік компанияға сатылмайды


Қазақстан "Северстальмен" "АрселорМиттал Теміртауды" сату туралы келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ, деп хабарлайды LS.

Вице-премьер Роман Скляр Ақорда кулуарында журналистердің қазақстандық активті сату туралы сұрақтарына жауап берді.

"Ешкім келіссөздер жүргізіп жатқан жоқ. Қауесеттерге сенбеңіздер. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының алдында жабдықтарды жөндеу, инвестициялар бойынша мерзімі өткен міндеттемелері бар", — деді ол.

Сонымен қатар Скляр, осы кәсіпорында орын алып жатқан адамдардың өліміне қатысты қайғылы оқиғалар үкіметті алаңдатынын тілге тиек етті.

"Тиімді жұмыс істей алатын және осы өндірісті дамытуға қажетті қаражатты сала алатын басқа инвесторларды тарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, еңбек қауіпсіздігіне басты басымдық беріледі. Бірақ жаңағы ресейлік компаниямен келіссөздер жүргізіліп жатқан жоқ", — деді ол.

Вице-премьер қандай инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатқандығы туралы сұраққа жауап бермеді.

"Бұл сұраққа қатысты ақпарат беру әлі ерте", — деп түйіндеді вице-премьер.

Бұған дейін, үкімет аясында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің "АрселорМиттал Теміртау" активтерін ресейлік "Северсталь" компаниясының меншігіне беру мүмкіндігі туралы сұрақтарына жауап берген болатын.

Премьер-министр Әлихан Смайылов "АрселорМиттал Теміртаудың" иелері жұмысшылар үшін қауіпсіздіктің тиісті деңгейін құрмай, тек пайда алуға назар аударғанын мәлімдеді.