Садық Мұстафа: Ұлттық Олимпиада комитетінің басшылығына Дәулет Тұрлыханов лайық!

Біз Геннадий Головкинді шеттетіп отырған жоқпыз. Оның қазіргі ұмтылысы асығыс, қате шешім, — деді ол


Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы halyq-uni.kz - ке сілтеме жасап хабарлайды.

Белгілі спорт маманы, дзюдо, қазақ күресі, ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, «Құрмет» және «Парасат» орденінің иегері Садық МұстафаҰлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне атақты балуан, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті, Азия күресі федерациясының басшысы Дәулет Тұрлыхановтың лайық екенін айтып, көпшіліктен әйгілі спортшыға таңдау жасауды өтініп, үндеу жолдады.

"Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаевтың орнына әуесқой және кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Геннадий Головкин келеді деген әңгіме айтылғалы біраз болды. Иә, Геннадий Головкин ел спортындағы белгілі тұлғалардың бірі. Оның рингтегі жеңістері миллиондаған жанкүйерлерге қуаныш сыйлады. Бірақ Головкиннің Ұлттық Олимпиада комитетін басқаруға шамасы жете ме? Ол осы уақытқа дейін облыстық немесе республикалық мекеме басқарып көрген жоқ. Геннадий осыған дейін боксшы болды. Жеке бизнеспен шұғылданды. Мұндай адамға тек атағына қарап Ұлттық Олимпиада комитетін қалай сеніп тапсыруға болады?! Ұлттық Олимпиада комитетін басқару үшін спорттық атақ аздық етеді. Қазақ елінің халықаралық олимпиялық қауымдастықтағы беделін көтеріп, абыройын арттыруға республикалық және халықаралық деңгейде қызмет атқарған, әбден ысылған, ұйымдастыру қабілетімен танылған ірі тұлғаны таңдауға тиіспіз", – деді ол.

Осы ретте спорт маманы Геннадий Головкиннің ҰОК басқаруға шамасы келмейтінін, .өйткені ол ешқашан облыстың немесе республикалық маңызы бар үлкен қаланың спортына жетекшілік етіп көрмегенін, ал жаттықтырушылар мен әдіскерлердің біреуімен де араласып, жұмыс істемегенін атап өтті.

"Головкин мұндай биік лауазымға ұмтылмас бұрын әуелі бір облыстың немесе республикалық маңызы бар үлкен қаланың спортын басқарып, мектептер мен олимпиялық ізбасарлар орталығының тіршілігін ішінен зерттеп, білуі керек еді. Жаттықтырушылармен, әдіскерлермен араласып, олардың жұмыстарына зер салса, артық болмас еді. Біздің жоғары лауазым иелері спорт саласына басшы тағайындар кезде үміткердің іскерлігіне, тәжірибесіне және жұрт арасындағы беделіне жете мән бермейді. Ықпалды топтардың сүйреуімен қалаған адамын республика спортының басшысы етіп қоя салады. Осындай жаны ашымастықтың, немқұрайлылықтың кесірінен Токио Олимпиадасында 83-орынға, былтырғы Азия ойындарында 11-орынға бір-ақ құлдырадық", – деді Садық Шоңмұрынұлы.

Әрі қарай ол өзі өмір бойы спорт саласында қызмет етіп келе жатқанын, спортты бес саусағындай білетін адам ретінде спорттағы солақай саясаттың кесірінен талай жас жішіттер мен қыздардың қол-аяғы байланып отырғанын атап көрсетті.

"Мен өмірбойы спорт саласында келе жатырмын. Қазақстанда дарынды балалар өте көп. Бірақ спорттағы солақай, өрескел қате тірліктің салдарынан сол жастардың қол-аяғын өзіміз байлап отырмыз. Құрметті ағайын! Тағдырым спортқа байланған адам ретінде Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті қызметіне Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановты лайық санаймын. Дәулет Болатұлы – грек-рим күресінен Кеңес Одағының жеті дүркін чемпионы, әлем, Еуропа және Азия чемпионы, екі Олимпиаданың жүлдегері. Халықаралық күрес ассоциациясының бюро мүшесі, Азия Күрес федерациясының президенті. Алты жылдай Қазақстан спортының басшысы болды. Ширек ғасырдай уақыт республиканың күрес федерациясының тізгінін ұстады. Халықаралық деңгейде мойындалған тұлға. Ірі державалардың спорт басшыларымен тең дәрежеде сөйлеседі. Халықаралық деңгейдегі беделінің арқасында Қазақстанда бірнеше Азия чемпионаттары мен халықаралық жарыстарды ұйымдастырды. Ұзақ жыл грек-рим күресінен Қазақстан құрамасын жаттықтырып, әлем чемпиондары мен Олимпиада чемпиондарын дайындады. 1994 жылдан бастап бірнеше рет Парламент депутаты болып сайланды. Қысқасы, қазір нағыз толысқан, тәжірибесі әбден жетілген, кәсіби деңгейі өскен, көзқарасы қалыптасқан шағы. Ең бастысы, халықтың қалаулы ұлы. Ел мақтанышы. Кеңес Одағының отарында болған кезімізде тамаша жеңістерімен ұлтымыздың рухын көтерген азамат", – деді Садық Мұстафа.

Сонымен бірге ол Головкинді ҰОК президенттігіне лайықсыз екен деп кемсітіп отырмағанын, керісінше, боксшыға спорт саласында бірнеше жыл жұмыс істеп, ысылу керектігін ескертті.

"Біз Геннадий Головкинді ұлты басқа деп шеттетіп отырған жоқпыз. Геннадий спорт саласында бірнеше жыл қызмет атқарып, біраз ысылсын. Өзін мойындатсын. Қазақ еліне іскер азамат, білікті басшы ретінде танылсын. Содан кейін биік лауазымға барып жатса, ешкім қарсы болмайды. Ал қазіргі ұмтылысы – асығыс, қате шешім. Қадірлі ағайын! Аталарымыз «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Елдігімізді танытып, ауызбірлігімізді көрсетіп, осындай кезде Дәулет Болатұлын бір адамдай қолдайық!" – деді ол сөз соңында.

Бұл үндеу Садық Мұстафаның әлеуметтік желідегі парақшасына жарияланды. Оның шыққанына бір сағаттай уақыт болмаса да спорт маманының ұсынысын қолдап жатқан адамның қатары артып келеді.