Ілияс Жансүгіровтың қызы Ильфа Жансүгірова 89 жасқа қараған шағында өмірден өтті

Ақын Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитованың қызы Ильфа Жансүгірова өмірден өтті.

Қаралы хабар туралы белгілі алаштанушы, қоғам белсендісі Елдос Тоқтарбай Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

"ӨЗІ ДЕ ТАРИХҚА АЙНАЛЫП КЕТІП БАРАДЫ…

Жыр Құлагері Ілияс Жансүгірұлы мен аңыз ана Фатима Ғабитованың қызы, қос асылдың сынығы болған қайсар Ильфа анамыздың да уақыты болған екен. Ұлы жүрек тоқтапты.

Ілиястың көзіндей еді. Әкесінен аумайтын. Әкесінің суретіне қарап отырушы еді!

Інісі Мұрат Мұхтарұлы Әуез ағама, қыздары Ажар, Жанар, Дина, Фатима әпкелеріме қайғырып көңіл айтамын.

Қаралы күнде жандарыңыздан табылып, батыр ананы жер-ананың қойнына табыстай алмайтыныма өкінемін. Қазір өзім де науқастанып, ем-шипа іздеп сыртта жүр едім…

Марқұмды Алла панасына алсын. Рухына Фатиха!

P.S: Сіз туралы жазатыным көп еді; биыл әкеңіздің 130 жылдық тойы еді; Өзіңізбен тағы да сырласуым керек еді; Диктофонымдағы екеуара ғажайып әңгіме — көңілімді басар жұбанышыма айналар… Еһ, тұрақсыз дүние…

P.S: Жетісу облысы әкімдігі Марлен Кольбаев және Ақсу ауданы әкімдігі Берік Тынышбайұлы Тынышбаев елден делегациясы жіберсеңіздер. Апамыз көзінің тірісінде Ақсуым-Қапалым деп өткен адам еді. Бұл — Ілиясқа деген құрмет!", — деп жазды Елдос Тоқтарбай.