Әуе кемесінің апаттық есігін ашқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. |
Әуе кемесінің апаттық есігін ашқан ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Polisia.kz.-ке сілтеме жасап.
23 желтоқсанда Fly Arystan әуе компаниясы өкілдерінің өтініші бойынша Алматы қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Шымкент – Алматы бағытындағы рейс жолаушысын анықтап, ұстаған. Құқық бұзушы акт бойынша рейстен түсірілген.
Тексеру барысында ұшақ бортындағы қауіпсіздік ережелеріне бағынбаған Алматы қаласының 29 жастағы мас тұрғыны анықталған. Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, ол “орташа дәрежелі” мас күйде болған.
Polisia.kz.-тің хабарлауынша, құқық бұзушыға қатысты полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы 1-бөлігі, 566-бабы 1-бөлігі, 434-бабы 1-бөлігі бойынша бірден үш әкімшілік хаттама толтырып, 8 АЕК көлемінде айыппұл салды. Ұсақ бұзақылық бойынша іс шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданатын болады.
Аталған бап бойынша құқық бұзушы 15 тәулікке дейінгі әкімшілік қамауға алу түрінде жазалануы мүмкін.