«Kazakh Tourism» ҰК» АҚ бастаған қазақстандық делегация 15-17 қараша аралығында Қытай Халық Республикасындағы Пекин қаласында COTTM (China outbound Travel&Tourism) халықаралық туристік көрмесінде еліміздің туристік әлеуетін таныстырды. |
Жалпы көлемі 96 ш.м. құрайтын қазақстандық стенд ҚР Туризм және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ, сондай-ақ Алматы қаласы мен Алматы облысы туризм басқармаларының қатысуымен ұйымдастырылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Қазақ туризм, Алматы қаласы және Алматы облысының біріккен стенді, оның бай мәдени бағдарламасы қытайлық туркомпаниялардың ерекше назарына ие болды. Өзара визасыз режимнің енгізілуіне және 2024 жылы Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылына орай біз екі елдің туристік нарығы тарапынан белсенділік артқанын байқап отырмыз», — деді ҚР Туризм және спорт вице-министрі Е.Еркінбаев.
Қазақстанның ұлттық стенді бай мәдени бағдарламасының арқасында көрмеге келушілер арасында кеңінен танылды. Қазақ батырларының бейнелері, сондай-ақ домбыра мен қобыздағы ұлттық күйлердің орындалуы туристердің көңілін аударды. Стендке келушілер үшін арнайы ұлттық тағамдар дегустациясы ұйымдастырылды.
Делегация құрамына Қазақстанның туристік индустриясының 25 өкілі кірді, атап айтқанда 18 туроператор, 5 қонақ үй, 1 сауда орталығы және Global blue Tax free.
Сонымен қатар, стендте Бейжіңнен Алматы қаласына аптасына 6 күн және Бейжіңнен Астана қаласына апта сайын Airbus A321LR әуе кемесімен ұшатын Air Astana әуекомпаниясы ұсынылған.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, әлемдік пандемияның ұзаққа созылған салдарынан кейін Қытайдан келетін туристік ағын қалпына келуін жалғастыруда. Егер өткен жылы Қазақстанның қонақ үйлерінде ресми статистика деректері бойынша Аспан асты елінен келген 45 мыңға жуық турист тоқтаған болса, биылғы жылы қытайлық туристер саны екі есеге жуық өсіп, 10 айдың қорытындысы бойынша eQonaq ақпараттық жүйесінің деректеріне сәйкес орналастыру орындарында 84 мыңнан астам турист тіркелді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы өзара визасыз режим ағымдағы жылдың 10 қарашасынан бастап күшіне енді. Сонымен қатар, 2024 жыл Қытайдағы Қазақстан туризмінің жылы болып жарияланды, соның шеңберінде ҚР Туризм және спорт министрлігі қытайлық туристерді Қазақстанға тарту үшін іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлап отыр.