Жыл басынан бері алып шаһардың барлық ауданындағы құрылыс алаңдарында 740 жоспарсыз тексеру жүрді. Мамандар оларды сүру туралы 53 талап жолдаған, сот 17-сін мақұлдады. Бұл жөнінде Қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев брифингте айтты.
Оның сөзінше былтыр сот шешімімен заңсыз салған 19 нысан сүрілді.
Баум тоғайының маңында іргетасы қаланып жатқан аты шулы Family кешені де ескерусіз қалмайды. Төлебаев 8 тамызда аталған нысанды мәжбүрлі сүру туралы сот шешімі шыққанын, алайда құрылыс салушы апелляциялық шағым түсіргенін атап өтті. Егер сот оның талабын қанағаттандырмаса, орындау парағы беріліп, тұрғын үй кешені сүріледі.
Сонымен қатар ереже бұзылғанына байланысты 20 құрылыс алаңында жұмыс тоқтап тұр, ал 247 компания лицензиясынан айырылды.
Қазір мегаполисте 823 нысанның құрылысы жүріп жатыр, оның 155-і тұрғын үй кешені.
Құзырлы орган тау жаққа баса назар аударып отыр. Екі жылда онда 52 заңсыз құрылыс алаңы анықталған. Атап айтсақ:
— Бостандық ауданында — 21 нысан;
— Медеу ауданында — 24 нысан;
— Наурызбай ауданында — 7 нысан.
Мамандар сотқа 42 шағым жолдады, 10 нысанға қатысты сүру керек деген соңғы шешім шыққан.
Оңтүстік астанада қала құрылысын бақылау басқармасының шұғыл желісі жұмыс істейді:
+7 705 89 66 000 (WhatsApp).
Мұндағы мамандар құрылыс салушының құжаты түгел ме, қандай да бір кешеннен қорықпай пәтер алуға бола ма деген сұрақтарға жауап береді.