«Құтқарушыларды мектептің төбесінде отырып күттік. Тікұшақ бір сағат кешіккенде аман қалмас едік»


Су тасқынына төтеп берген Арқалық келесісіне дайындалып жатыр


Георгий Говоров, «Наша газета», Власть қатысуымен

28 наурыздан бері Қостанай облысының Арқалық қаласы, Амангелді және Жангелді аудандары тасқынның кесірінен ТЖ режимінде өмір сүріп жатыр. Су басқан кент тұрғындарын әуе жолымен көшірді, ал әлеуметтік желілерде қала әкімдігі алдындағы алаңға зардап шеккен адамдарды тиеген тікұшақ қонған видео тарады. «Наша газета» тілшісі Георгий Говоров тасқыннан зардап шеккендермен кездесіп, сөйлесіп қайтты.

Суды үш күн бойы сорды

Арқалыққа пойызбен жеттім. Күре жолдарды су басты, жол жабылды деп жатқан соң, теміржол дұрыс деп шештім. Қостанайдан 13 сағаттық жол екен, көлікпен одан екі есе тез жетесің. Алаң көңіл вагонға отырғаннан-ақ байқалды. Біреулер үйін су шайып кеткенін біле тұра Арқалыққа бет алған. Біреулер өзі аман болғанмен, таныстары мен туыстарына алаңдайды.

Қостанай тұрғыны Валерия Паляница үш және он жасар ұлдарын көктемгі каникул кезінде ата-әжесіне жіберген. Ата-енесі Арқалық түбіндегі Северный кентінде (әлде ықшамауданында) тұрады екен.

«Сейсенбі күні үлкен ұлым қоңырау шалып, үйдегі су деңгейі еденнен 10 сантиметр көтерілгенін, ал көршілердің терезесінен су құйылып жатқанын айтты, — дейді Валерия. — Біз балаларды алып кетудің жолын ойластыра бастадық. Ауылға жету де оңай емес. Балалар әжесімен үйіне су кіре қоймаған көршілердің үйінде түнеді. Ал атамыз түні бойы суды сорғызумен айналысқан. Күйеуім соңғы рет судың үйге дейін кіруі 9-сыныпта оқып жүрген кезінде болғанын айтады. Ол кезде де әр көктем сайын су басады екен. Сорғы сатып алғанға дейін солай болыпты. Ал биыл қар көп болғаны сонша, сорғының да шамасы жеткен жоқ».

Северный тұрғындары суды үш күн бойы тоқтаусыз тартқан. 30 наурызға таман температура төмендеп, судың бетін жұқа мұз жауып, тұрғындар аздап дамылдауға мүмкіндік алды.

Суды сорғызуға Қостанайдан, еліміздің басқа аймақтарынан келген әскерилер мен құтқарушылар көмектесіп жатыр.

«Бізді Қарағанды құтқарып жатыр», — дейді Северный тұрғыны Дмитрий Белошисов.

Ол едені әлі де су болып жатқан үйін көрсетті. Су қайтқан жерде балшықтың ізі қалыпты.

Көшеде сорғының шлангілері шашылып жатыр, дуалдарды бойлай құм салынған қаптар төселген. Судың беті қайтқанмен, әлі де қауіп бар. Кент маңындағы электр бағаналары мен қараусыз ғимараттардың бетон блоктары суда тұр. Жергілікті зиратты да су басқан.

«Үйімізді су басып қалды, барлық бөлмеге өтті, тізеден кешіп жүрдік, — деп еске алады Светлана Майорова. Зейнеткер қала әкімдігінде орналасқан жедел штабта кезек күтіп отыр. — Көршілердің үйі биіктеу орналасқан, менің үйім Генисарет көлі секілді (ежелгі Израильдегі Галилея теңізі). Кешке үлкен толқын келді. ТЖМ де, еріктілер де сорғызғанымен, игере алмады. Үш күннен бері тек өткен түнде ғана тыныш ұйықтадық. Кеше маған комиссия келді. Өтемақыға құжат тапсыру керек деді. Қанша беретінін білмеймін. Барлығын өтемейтін шығар, үйім аман қалды. Жазда жақсылап кептіреміз. Құдайға шүкір дейміз, бұдан да жаман болуы мүмкін еді».

Штабта бірнеше адам өтемақыға өтінім қабылдап жатыр. Жұмыс кестесі 9.00–18.00 аралығы, апта соңына дейін демалыссыз жұмыс істейді. Су тасқынынан зардап шеккендердің кейбірі екі рет келетін болды. Өйткені 30 наурызда электронды цифрлық қолтаңбаны рәсімдей алмады, egov.kz сайты өтініш берушілер көптігін көтере алмай қалды. Зардап шегушілер келіп, әкімдік қызметкерлерімен амандасқан соң кері қайтып жатты.

Жатақханаға көшіру

Бәрінен де көршілес ауылдардан Арқалыққа көшірілген адамдарға қиын соқты. Кейбірі туыстарының үйіне қонғанымен, көп отбасы жергілікті жатақханаларға уақытша орналастырылды. Политехникалық колледж 17 отбасын қабылдады, барлығы 105 адам, арасында 52 бала бар. Олардың көбі Қызылжұлдыз ауылынан.

«Жатақханамызда бос орын жоқ, өйткені мұнда басқа қаладан келген студенттер бар, — деп түсіндірді комендант Гүлмира Мұхамеджанова. — Зардап шеккендер үш күннен бері жатыр. Оларға көмек көрсетілді, әзірге тамақты әкімдік пен кәсіпкерлер беріп жатыр. Енді өздері пісіріп ішеді. Баспана жағы қалай болатынын білмеймін, бір-екі айдай осы жерде болатын шығар».

Кей отбасылар екі бөлмеден алып жатыр. Ішінде кереует, үстел мен шкаф бар. Кейбірінде тоңазытқыш бар. Балалар дәлізде сенделіп жүр немесе телефон қарап отыр. Кішкентай балалар ойыншықты ермек етіп отыр.

Мәдина Әбілғазиеваның күйеуі, бес баласы бар. Отбасы Қызылжұлдыздан екі жыл бұрын үлкен үй сатып алған екен. Өзі ағылшын тілінен сабақ береді, күйеуі мектепте пеш жағады.

«Бізге су 26 наурызда келді, 23:30 кезінде көршілес ауылдардағы посттан дабыл қағылды, — деп еске алды Мәдина. — Біз көршілердің үйіне қонып шықтық. Таңғы бес шамасында су көше бойымен ағып жатты. Арыны қатты болды! Төтенше жағдайлар министрлігінің үш көлігі бізді алып кетті. Оларда бір қайық болды. Бірақ Қайыңдыға жетіп үлгермедік (Қызылжұлдыз Қайыңды ауылдық округіне кіреді, ал округтің өзі Арқалық қаласының әкімдігі құрамында). Жолды су басты, біз жарты жолда тұрып қалып, тікұшақ күттік. Далада 12 сағатқа жуық күтіп отырдық. Балалар қиналып кетті. Не тамақ, не су болған жоқ. Құжатымызды ғана алып үлгердік. Арқалықта бізге уақытша пана ұсынды, тамақ беріп жатыр. Кеше мұғалімдер дәмді кешкі ас дайындады. Келіп, жағдайымызды, көңіл-күйімізді сұрап жатыр. Адамдарға, әкімдікке, білім бөліміне алғыс айтамын. Бұл жерде қанша болатынымызды білмеймін. Бізге тек баспана керек. Ауылды түгел су басып қалды».

Балалар Арқалықтың мектептерінде оқымақ. Сабақты өз мұғалімдері беретін болар. Әзірге бәрі де тұрмыс жағдайын ретке келтірумен айналысып жатыр.

Мұрат Қоянбаев таңертең дүкенге барып, телефонына жаңа қуаттағыш алып келді. Ескісі су тигеннен істемей қалған.

«Қызылжұлдызда дүниеге келдім. Мал бақтым, шабындықта істедім, қазір зейнеттемін, — деді ол. — Үйімде 14 сиыр мен 15 қой-қозы бар еді. Бәрі суда қалды. Мектептің төбесіне шығып, құтқарушыларды күттік. Егер тікұшақ бір сағат кешіккенде аман қалмас едік. Ауылымды жақсы көремін, біз курорттағыдай жақсы өмір сүрдік. Балық аулағанды ұнатушы едік, енді үйсіз қалдық. Қалпына келтіретіндей күйде емес. Енді Арқалықтан баспана іздейміз».

Таңертең ер адамдар Қызылжұлдызға барып келді. 70 шақырым мәшинемен жүріп, қалған 12 шақырымда қайыққа мінген не атпен жеткен. Барып келген соң жартылай құлаған үйлердің видеосын туыстарына көрсетіп жатты.

Жатақханада гуманитарлық көмекке мұқтаждық жоқ секілді. Азық-түлік пен қажетті заттар күні бойы келіп жатыр. Акт залында «Қазақстанның Қызыл жарты ай» еріктілері отыр. Облыстық филиал төрағасы Кенжегүл Алтынбаева киім, көрпе, резеңке етік, гигиена құралдарын әкелдік деп көрсетіп жатыр. Еріктілер зардап шеккендерге тағы не керек екенін сұрап, қай отбасына жөргек қажет екенін жазып алып жатыр. Алғашқы сапардан кейін ұйымнан қаржылай көмек алатындардың тізімі шығады деп уәде берді.

Арқалыққа әуежай керек

Жатақханаға Қостанай атынан мәжіліс депутаты болып отырған Еркін Әбіл бастаған Amanat партиясының өкілдері келді. Екі бөлмеге бас сұқты, адамдармен сөйлесті.

«Адамдар қалай жайғасқанын, қандай көмек қажет екенін көзімізбен көруіміз керек, — деп түсіндірді депутат сапарының мақсатын. — Партиямыз жөнелткен гуманитарлық көмекті күтіп алмақпыз. Астанамен екі ортадағы жол, әуежай туралы мәселе көтермекпіз. Қазіргі ахуал Арқалыққа жанар-жағармай қоймасы, отын құйғышы бар жеке әуежай керек екенін көрсетіп отыр. ТЖМ бортына жанармай құю үшін отын Жезқазғаннан тасылады. Біз Арқалықтың әуежайын қалыпқа келтіру туралы сауал тастадық. Сосын Астанаға тікелей қатынау үшін жолдың азғантай бөлігін жасауды аяқтау керек. Гуманитарлық көмек тиелген жүктің бәрі Қостанайдан келіп жатыр».

Е.Әбілдің айтуынша, зардап шеккендер одан әуежай туралы емес, өтемақы мен баспана туралы сұраған.

«Егер үйдің құжаты дұрыс болмаса, не істеу керегін сұрап жатыр, — дейді мәжілісмен. — Күте тұру керек, өйткені алдымен құтқару операцияларын аяқтау керек. Қазір құжаттары түгел адамдардан өтінім жиналады. Бұл жағы оңай. Кейбір адамдардың мәселесін жекелей қарастырамыз. Жиырма жылдан бері баспанасын тіркемеген адаммен сөйлестім. Заңгерлерді тартамыз, мүмкіндігінше мәжілісмендер де қосылады. Бұндай мәселелерді бөлек шешеміз. Қалай болатынын әзірге айта алмаймын. Мүмкін демеуші табармыз. Бәлкім, шешімін заңгерлер айтар».

Сәлден кейін ЖСДП өкілдері келді. Оларға жергілікті «Арайлы Арқалық» каналының авторы, блогер Қанат Әлімбаев көмектесті. Үш күн бойы зардап шеккендермен етене сөйлесіп жүрген белсенді қазіргі тасқынды 2022 жылғы қыркүйектегі Аманқарағайдағы өртке теңестіріп отыр. Сол кезде өрттен орман ғана емес, ондаған үй де жойылды. ТЖ кезінде Қостанай облысына президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұшып келді, тез арада аудан орталығына 91 үй салуды тапсырды. Оларды салуға екі айға жетер-жетпес уақыт кетті.

«Адамдар Аманқарағайдағы секілді үй салып бергенін қалайды, — дейді Әлімбаев. — Оларға өтемақы төленеді деп уәде берді. Бірақ ауылдағы ескі үйге қанша ақша беріледі? Ол жаңа үйдің іргетасына ғана жетеді. Аманқарағайда үй салып берді, бізге неге ондай көмек болмайды? Халық билік өкілдерімен кездесті. Маған қоңырау шалып, осының бәрін көрсетуді сұрады. Тұрғындар өзі барды. Облыс әкімі оларға шыққан жоқ. Жиналыста отыр деді. Кездесуде өтемақы төленеді деп уәде бергенмен, халық оған келісіп отырған жоқ».

Әңгімені ЖСДП Қостанай облыстық филиалының төрағасы Дамир Жақанов жалғастырды. Ол да аймаққа «көзімен көріп, ахуалды Астанаға жеткізу» мақсатында келген. Сол үшін жатақхананың акт залына зардап шеккен 30 шақты адамды жинады.

«Бүгін сіздерге өткен сайлаудағы қарсыласым Еркін Әбіл келді. Оның айтқанының бәрі орындалатынына сенімді емеспін, — деді Жақанов. — Ал мен өз атымнан айтайын. Сіздерге жаңа үй салынуы үшін бәрін жасаймын. Өздеріңіз көрсеткен жерге салынады! Аманқарағайдағы секілді. Жаңалық ойлап табудың қажеті жоқ. Сол кезде салып берсе, неге қазір салмайды? Бұл жерде басқа адамдар тұра ма екен. Айтпақшы облыс әкімі… Ол тіпті сіздермен кездесуге шықпапты деп естідім (...). Біз осы мәселе мәжілістің жуырдағы отырысында көтерілуін талап етеміз. Егер өзгеріс болмаса, мен осы жерге біздің партияның мәжілістегі депутаттарын алып келуге уәде беремін».

Жақановтың ойынша, президент Торғай облысын қайта құрып, орталығын Арқалық етіп бекіткенде, тасқын болмас еді. Облыс 1997 жылы таратылды, Арқалық халқы осы уақыт аралығында бір жарым еседей азайған.

«Бұл партияның ұстанымы демейін, менің жеке көзқарасым, — деді ол кездесуде. — Мен мұны партия басшылығына жеткізуге тырысамын. Өйткені аймақ тоқырауға ұшыраған. Қала орталығында жөнді жол жоқ, үйлердің сыртқы көрінісі адам көргісіз. Егер сіздер біздің күшімізге сенім артсаңыздар, бәріміз бірге Торғай облысын жаңғыртуды ұсынар едік».

«Баспана жалдауға болады»

Арқалық әкімі Әмірхан Асанов қала құрамына кіретін кенттерде көшіру аяқталғанын айтты. Қазір билік адамдарға көмек беру мәселесімен айналысып жатыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға жан басына 100 000 теңгеден берілді.

«Халықта үйі мен қора-жайын тіркейтін уақыт болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі екі рет мүмкіндік берді. Қазір біз шығынды министрліктің базасы бойынша өтейміз. Мал да, қора-жай да көп емес деп ойлаймын. Үйлер туралы айта алмаймыз. Ол жаққа комиссия әлі барған жоқ. Тұрғындар өтемақы алып, үйді қалыпқа келтіре ме, әлде жаңасын сатып ала ма, өзі шешеді. Көмекке қаражат тартамыз».

Мемлекет есебінен үй салу жайында Асанов «бұған көп уақыт кетеді» деп жауап берді.

Ауылдар мен қыстаулардан 359 адам көшірілді, олар жатақханада қанша уақыт болатыны белгісіз. Асанов берілген ақшаға пәтер жалдауға болады деп есептейді.

«Маған адамдар келіп, тағы қанша тұрамыз (жатақханада) деп сұрады. Олар ақша алды ғой. Бір отбасына шамамен 500 000 теңгеден 700 000 теңгеге дейін бөлдік. Баспана жалдауға болады. Арқалықта екі бөлмелі пәтерді жалға алу 70 000 теңге шамасында».

Зардап шегушілер бұл тасқын тек бастамасы екенін айтады. Еріген қар суы сәуірдің басында тағы да әбігерге салады деген болжам бар. Бұл қауіпті Қостанай облысының ТЖД де растайды — жақын күндері ауа температурасы +20 градусқа дейін көтеріледі. Ал апта ортасында жаңбыр жауады деген болжам бар. Бұл «облыстың оңтүстік аудандарында су тасу мәселесін ушықтыруы мүмкін».

Власть — это независимое медиа в Казахстане.
Поддержите журналистику, которой доверяют.
Мы верим, что справедливое общество невозможно построить без независимой журналистики и достоверной информации. Наша редакция работает над тем чтобы правда была доступна для наших читателей на фоне большой волны фейков, манипуляций и пропаганды. Поддержите Власть.
Поддержать Власть