Жамбыл облысында болған ірі жол апаты салдарынан 25 адам зардап шекті. |
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Stan.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 31 қаңтар күні сағат 10.47-де "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" республикалық тас жолының 567-ші шақырымында Жуалы ауданы, Нұрлыкент кентінің маңында ауа райының қолайсыздығынан 26 көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алған.
“Апат салдарынан қаза тапқандар жоқ. Б.Момышұлы ауылындағы орталық аудандық ауруханаға 25 адам жүгінді”, – делінген хабарламада.
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, зардап шеккен 25 адамның төртеуі жансақтау бөлімінде жатыр, зардап шеккендердің арасында балалар да бар.
“Тараздан 593-534 шақырымға дейінгі жол екі бағытта да жабық. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп, оқиғаның мән-жайы анықталуда. Жамбыл облысының жол полициясы әсіресе қолайсыз ауа райы жағдайында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау керектігін еске салады”, – деп қосты полиция.