|
Еліміз бойынша өткізілген «Үздік педагог-2023» республикалық байқауының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Кazinform.
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 64 педагогі өз мамандығы бойынша үздік атанды.
Сәрсенбі күні министр Ғани Бейсембаев жеңімпаздарға салтанатты түрде марапаттарын табыстады.
«Мұғалім тек мамандық емес, жүректің таңдауы, жанның қалауы. Қай заманда болсын ағартушылар қоғамды ең құнды дүние – білімге жетелейтін көрнекті тұлғалар саналды. Меніңше, педагогтердің жанкешті еңбегінің мәні осы. Жыл сайын біздің мұғалімдер халықаралық аренада жоғары жетістіктерге жетуде. Кеше ғана жарияланған PISA-2022 жаһандық рейтингінің нәтижелері де – тікелей біздің ұстаздарымыздың еңбегінің жемісі. Бүгін сіздердің ағартушылық қызметтеріңіздің маңыздылығын тағы бір рет атап өту үшін жиналдық. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен өз істеріңізге адалдықтарыңыз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіремін», — деді ведомство басшысы.
Конкурс жеңімпаздары «Үздік педагог» куәлігін, «Үздік педагог» төсбелгісін және 3 450 000 теңге (1000 АЕК) көлемінде ақшалай сыйақы алды.
Айта кетейік, «Үздік педагог» конкурсы 2012 жылдан бастап өткізіліп келеді. Осы күнге дейін 624 педагог үздік деп танылып, олардың әрқайсысына мемлекеттік қолдау ретінде 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы берілді.
«Биыл конкурсқа қатысу үшін барлығы 961 өтінім түсті. Конкурсты өткізу рәсімі автоматтандырылған және ол ашық түрде өтті. Республикалық конкурстық комиссияның құрамына үкіметтік емес ұйымдар, ата-аналар қауымының өкілдері, журналистер, белсенді педагогтер, білім және ғылым қызметкерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағының өкілдері және тағы басқалары кірді», — делінген министрлік мәліметінде.